Казахский перевод Б. Аманшина
Источник: Игорь полкы туралы сɵз. Алматы: Жазушы, 1985.
- 1. Мұңлы бір ұшбу дастанды
бұрынғылардың сөзімен
бастасаң деймін, халайық,–
Святославич Игорьдің
жорығын баян қылайық. - 2. Бастаған ләзім бұл сөзді
бүгінгі заман тұрпынан,
Баянның осындайдағы
ауытқып бәлкім ғұрпынан. - 3. Сәуегей Баян біреуді
сөйлеп бір кетсе мадақтап,
орманды оймен шарлайтын,
бөрі боп түзді адақтап,
бүркіт боп көкке самғайтын. - 4. Бақталас басқы кездерді
еске алып сонда қайтадан,
ұшырады екен он сұңқар
аққуға көлді шайқаған:
қайсысына түссе сұңқары,
сұңқыл қағып сол аққу, - 5. Ярослав бабаңды,
қызыл күндей көрікті
Святославич Романды,
касогтар қолы алдында
Ер Даданы жайратқан
Ер Мстислав ағаңды
жырлайды екен мадақтап. - 6. Осынау жырды, ағайын,
Владимир қарттан сабақтап
әкелейік бүгінге,
бүгінгі батыр Игорьге. - 7. Ақылмен мініп айбатқа,
жүрегін жанып қайратқа,
ерлікпен рухы алаулап,
Орыс жері қамы үшін
половцылар еліне
бастаған батыр ғаскерін
жырлайық соның істерін. - 8. Жорықты солай бастарда
көз салса Игорь аспанға,
қарауытып күн көзі,
ғаскерін түнек басыпты. - 9. Сонда Игорь сөйледі,
сөйлегенде бүйдеді: - 10. «Уа, ағайын, ағайын,
нөкерлерім-ерлерім!
Тұтқында азап шеккеннен
тік тұрып артық өлгенің! - 11. Жүйрік атқа мінелік,
мінелік те жүрелік,
тым болмаса бір шайңап
көгілдір Донды көрелік». - 12. Ақылға салмай абайлап,
аңғалдық, әттең, еткені,–
күн тұтылған ырымға
еш те бір елең етпеді. - 13. «Половцылардың жеріне
білеймін,– деді,– найзамды
Өзіңмен бірге, ағайын,
өлсем,
орным майдан-ды.
Дулығамызды толтырып,
Доннан бір қанып ішелік;
Ойласаңдар, бауырлар,
ажалымыз қайдан-ды». - 14. Бағзы заман бұлбұлы,
о, қарт Баян, қарт Баян!
О заман да-бұ заман,
баяғы Тмуторокань,
соған қарай созылған
шұбырынды ізбенен
аралап ойдың орманын,
жазықты жайкап,
тауга өрлеп,
құшақтасып бұлттармен,
жорықты мынау жырлар ма ең?! - 15. Велестің жампоз жалғасы ең –
қозғар ең былай сонда сен - 16. «Ақ сұңқарлар екен деме
дабылдата дауыл құшқан,
маң даланы жарып ұшқан,–
ұбаң-шұбақ көңқарға де
ұлы Донға асығысқан». - 17. Әйтпесе былай толғар ең:
- 18. «Көктей өтіп Сула өзенін,
кісінесе күліктері,
Новгородта керней ойнап,
Путивльде туы жайнап,
жеңбей жатып жаңғырады
жеңіс даңқы Киевтегі ».
Игорь күткен аяулы
Всеволод бауырын. - 19. Всеволод батырың
сонда оған сөйледі,
сөйлегенде бүйдеді: - 20. «Жалғызым да жарығым
өзіңсің,
Игорь бауырым!
Святославтан тумап па ек! - 21. Жарау атың алғын сен,
атқа ерің салғын сен, - 22. Ерулі менің аттарым
ер-тұрманы сақадай
Курскіде тұр дайын. - 23. Ата жұрты Курск
аламанымды айтайын:
шетінен әккі
тарландар,
не бір батыр бағылан бар,–
дауылпаз үні жаңғырған
дауылды күні туғандар,
дулығада тербелген,
найза ұшынан жем жеген, - 24. сай-саламен сенделген,
тоқсан тарау жол көрген,
қорамсағы сайлаулы,
қылыштары қайраулы, - 25. көк бөріше түз кезген,
князіне билік іздеген,
өз абыройын көздеген
ерлерім,
менің ерлерім». - 26. Игорь сонда мінді де
алтын ерлі атына,
айдаламен жөнеді. - 27. Қара түнек күн көзі
алдынан сонда бөгеді; - 28. көкте жасын шатырлап,
күрсін атқан түн еді;
аңдар шошып дүрлігіп,
құс қиқуы үдеді; - 29. бәйтеректің басында
дауыстады дәу пері,
төнді деп жау қатері
бөгде бөтен еліңе –
Теңізге де,
Еділге,
Сурожға да,
Сулаға,
сонау Корсунь қалаға,
Тмуторокань беттегі
албасты,
саған жана да! - 30. Половцылар бұны естіп,
жүгірді Донды бетке алып,
тұра шапты жапырлай:
жеті түнде қыр бетте
арбалары сарнады
алас ұрған аққудай.
Донды бетке ап Игорь де
келеді қолмен сар желіп. - 31. Жемтікке әлден емексіп,
құзғындар жүрді
жолда өріп;
бөрілер ұлып сай-сайда,
найзағай қиғаш жарқылдап;
ит-құсқа тоят ырымдап,
бүркіттер көкте саңқылдап;
қалқандарға алқызыл
қыңсылады түлкілер. - 32. Ой-хой,
Орыс жерлері,
мен не дейін?
Қалдың қырдың астында,
қалдың кейін! - 33. Кештетіп барып түн болды,
- 34. сөнді күннің алауы,
түнек басты даланы. - 35. Бұлбұлдың тынды сайрауы,
оянды шулап көңқарға. - 36. Сар даланы айнала
алқызыл қолда қалқанмен
кернеп алды орыстар –
өздерінің намысы,
князьдің атақ-даңқы үшін
кезі келді тұрысар! - 37. Жұма күні таң сәріден
анталаған арам жау –
половцылардың ғаскерін
таптап өтті ерлерің;
сосын-ақ садақ оғынша
сар далада жайылып,
жаудың ару қыздарын
қуып жетіп қайырып,
алтындарын олжа етті –
алқызыл жібек,
көк жібек,
жібек тінді үлбірек
асылдарын олжа етті. - 38. Аң шымылдық,
көк жапқыш,
қызыл ішік,
қамқа тон,
алтын зерлі шапанды –
оны да алып нөпір ғып,
батпақ пенен саздауға
төседі соны көпір ғып. - 39. Қызыл ту мен
ақ байрақ,
күміс сапты
қыл жалау –
Святославич батырға
бұйырды соны олжалау! - 40. Олегтен өрген өңшең ер
түлеген жылы ұяда,
түз жастанып қалғыды.
Кетіпті-ау шығандап қияға! - 41. Аң сұңқар мен
көк тұйғын,
қара қарға,
ей құзғын!
Арам половцы,
сенің де
жәбіріңе көнуге
жаралды деуге сия ма?! - 42. Көк бөріше жортып Қыжақ,
жол көрсетіп алда Қоншақ,
ұлы Донға жетті сол шақ. - 43. Ертеңіне сәресіден
таң шапағы қанталады; - 44. төрт күнді де жалмайтындай
теңізден бұлт анталады.
Бұлтты жарып
көк нажағай
дірілдеді,
дүрілдеді. - 45. Алапат дауыл соғар-ақ!
ұлы Доннан сатырлап,
оқ жаңбырдай жауар-ақ! - 46. ұлы Донның қасында,
Қиялы судың басында
половцымен айқаста
дулығасына сарт ұрып,
талай да сынар найзалар,
талай да қылыш майрылар! - 47. Ойхой, Орыс жерлері,
мен не дейін?
Қалдың қырдың астында,
қалдың кейін! - 48. Стрибогтің деміндей –
теңізден соққан желдей боп,
Игорьдің батыр полкына
сұр жебелер жауды-ай кеп. - 49. Солқылдады қара жер,
ылайланды сулары;
шаңдақ көміп даланы,
сұмдықтарға бастады - 50. сонда жаудың тулары:
теңізден де, Доннан да, - 51. оңнан дағы, солдан да
полктарын орыстың - 52. половцылар орады;
қиқу салып қарсы алдан,
кернеп алды даланы;
далаға қызыл қалқанын
қатарласа керіп сап,
өңкей батыр орыс та
ұмтылды сонда ұрысқа. - 53. Всеволод батырым!
Жауға жебе жаудырып,
аң берендер сартылдап
дулығаға жаңғырып,
қанды қасап айқастың
қақ ортасында тұрсаң сен! - 54. Алтын дулығаң жарқылдап,
қайда шапсаң сен,
сонда
баудай түсіп жатқаны
жаудың басы домалап; - 55. қолыңда қасқа қылышпен
дулығасын обырдың
қақырата омырдың,
о, Всеволод батырым! - 56. Өйтпей де қайтсін,
ағайын?!
Абырой-атақ,
әулетін де,
ақтан жиған дәулетін де,
әкеден қалған алтын діңгек
Черниговтай ша?арын да,
асыл текті,
айдай сұлу
Глебовнадай жан-жарын да
ұмытқан жан,
жараланса
айқаста жау жарағынан,
қайта шаппай қарар ма оған? - 57. Дүние шіркін кезек-ті –
Тмуторокань заманы,
одан да бергі дүрлеген
Ярославтар кезі өтті;
одан бергі Олегтің –
Святославич Олегтің
жорықтары
о да өтті. - 58. Жалақтатып семсерін,
садағын оң да сол атқан,
ағайынын бәлелеп,
жала?ат-зұлмат қоздатқан
бүлікшіл еді ол Олег. - 59. Тмуторокань-ша?арда
алтын ерлі атына
аяғын салса-ақ сабазың, - 60. қария мәш?үр Ярослав
еститін лезде хабарын; - 61. Всеволод ұлы Владимир
Черниговте таңертең
құлағын ол да басатын,
бәлесінен қашатын. - 62. Вячеславтың баласы
батыр науша Борис те –
Олегтің кегі әлі есте –
дандайсып кеуде көтерген;
Канина суы бойында
жасыл кебін жамылып,
жазмышты күні
о да өлген. - 63. Бүгінгідей онда да
қырғында шә?ит кеткенде,
қайын атасын Святополк
мадьярлық сәйгүлік
тайпалтып екі жорғада,
апарып сонау Киевке,
қасиетті Софьяның
қасына қойған биікке. - 64. Гориславич Олегтің
заманы еді-ау қағынған,
қырық-пышақ өңкей алауыз
князьдардың лаңынан
Даждьбогтің ұрпағы
ада болып барынан,
түңіліп еді жанынан. - 65. Онда Орыс жерінде
соқа айдаушы кем еді,
жемтік емсеп шуласқан,
өлімтікке таласқан
қарға-құзғын көп еді. - 66. О заман да өтті дүрлеген,
қиқусыз күнді білмеген.
Мұндайды бірақ көрмеген.
Половцылардың жерінде,
жат елдің құба белінде
сарыала таңнан
күн батқанша,
одан қайта таң атқанша
сұр жебелер зуылдап,
көк сүңгілер сықырлап, - 67. қайқайта ұрған қылыштар
дулығаға сартылдап,
ат тұяғы астында
шашылған адам сүйегі
суғарылды қанменен;
ақырда осы еккені
қайран да Орыс жерінде
қасірет болып көктеді. - 68. Таң атпай бұл не қиқу,
қым-қиғаш шабыс алыста? - 69. Игорь екен шапқылап,
дүрліге қашқан ғаскерін
қайырып жүрген
бір тұста.
Қалай ғана шаппасын,
Всеволод бауыры
қамауда жалғыз қалғасын?! - 70. Ұзақты күн соғысты,
соғысты тағы келер күн,
үшінші күні сәскеде
құлады туы
Игорьдің. - 71. Суы жүйрік зырлаған
Қиялының жағасы,–
бір-бірінен
сол жерде
айрылысты екеуі –
інісі менен ағасы; - 72. қана алмай қанды шарапқа
- 73. орыстың батыр ұлдары,
құдаларын суарып,
Орыстың елі,
жері үшін
өздері болды құрбаны. - 74. Шөптер сонда жаны ашып,
жастай солды жасылы;
қайғыдан қатып ағаштар,
қара жерге бас ұрды. - 75. Ел басына, ағайын,
ауыр нәубет күн туды;
кер даланың төсінде
көмусіз қалды боздақтар. - 76. Даждьбогтің ұрпағы
половцылар да ызалы,
Тмуторокань жеріне
соғыс сала келді деп;
ырың-жырың өзді-өзі
еске алып о бір кездерді,
қайнаған сол ызасы
көк теңіздің шетінде,
көгілдір Донның бетінде
қанатынша аққудың
сабалады айдынды. - 77. Жау қайтарғыш князьдар
баяғысынан айрылды.
Бір-біріне ағайын:
«Мынау менікі,
мынау да –
менікі», дегіш боп алды,
түймедейді таудай ғып,
бірін-бірі бәлелеп,
береке-бірлік жоғалды. - 78. Малданып соны зұлым жау,
жан-жақтан Орыс жеріне
шерулетіп жол салып,
жеңіспен жүрді оралып. - 79. Ойхой, сүңқар, құстарды үйпалақтап,
көк теңізге шығандап кеттің жырақ. - 80. Өңшең ер-ді Игорьдің ғаскерлері,
қайта оларды тірілтпек жоқ қой бірақ. - 81. Зар еңіреп Карна мен Желя жылап,
жоқтау салып,
көздерін жасқа бұлап, - 82. от боп жанып
өзегі қасіреттен,
Орыс жерін қос мұңлық кетті аралап. - 83. «Ойласам ойым жетер ме,
толғасам сөзім жетер ме?
Арысымды енді таппаспын,
алтын мен күміс тақпаспын»,
деп зарланды әйелдер. - 84. Қасіреттен сонда, ағайын,
Киев сарнап күңіреніп,
ажда?аның ауызында
Чернигов те күніне өліп,
Орыс жерін қайғы басты,
қайғысына қайғы ұласты. - 85. Князьдер болса бұл кездері
бәле салып бір-біріне,
қырық-пышақ боп жанжалдасты. - 86. Зұлым жау Орыс жерлеріне
келген сайын жеңе берді,
жеңіп жүзі жайнай берді,
үй басынан бір ақтиін
қанжығасына байлай берді. - 87. Өйтпей де қайтсін,
ойласаң.
Святославтың екі ұлы –
екеуі де ер ұлы –
Игорь мен Всеволод
ағайынмен ала боп,
арамза жауға алдырды,
құрсағынан шалдырды;
әке орнында ағасы –
айбынды Киев князі
Святослав бір кезде - 88. ағайынның аласын,
өзара өкпе-наласын
күшпенен басып жым қылған;
семсерлері самсаған
жер қайысқан қолменен
Половцының жерінде
жаудың сағын сындырған;
жылғасы мен қырқасын
жермен-жексен еткен ол,
өзені мен көлдерін
ылай қылып өткен ол;
бұлағы мен батпағын
құрдай қылып кеткен ол.
Атаңа нәлет Көбекті
теңізге таяу етектен
мұздай темір құрсанған
ауыр ғаскер қолменен
құйынша қағып әкеткен:
ақыры барып ол Көбек
Святославтың қолында
тұтқында басын жоқ еткен. - 89. Сосын ғой –
неміс, венециан,
гректер менен чехтар да
Святославты ұлуғылап
мадақтаса,
сол құрлы
кіналайтыны Игорьді –
қолында дүние көп еді,
соншама орыс алтынын
половцының жерінде
Қиялы судың түбінде
жоқ қылды,
деп сөгеді. - 90. Игорь-князь сол жерде
алтын ерден ауысып,
атына мінді қосшының. - 91. Қалалардың қаралы
қаңырап қалды қорғаны,
сауық-сайран тарқады. - 92. Киевте дөңнің басында
Святослав жайсыз түс көрді,
түсінде жаман
іс көрді. - 93. «Қызыл іңірден бейуақытта
шегіршін керуетте
сұлатып мені, - 94. қара кебін кигізген екен деймін;
- 95. торта менен араласқан
көк шараптан құйғызған екен деймін; - 96. дінсіздердің тұл қатындары
омырауыма бармақтай інжу төккілеп, - 97. сылап-сипап отыр екен деймін;
- 98. алтын шатырлы сарайымда
- 99. тақытым қаңырап бос жатыр екен
деймін» - 100. Боярлар сонда князьге
былай деген екен дейді: - 101. «Ақылыңды, князь, сенің
әбден қайғы жеңген екен; - 102. Тмутороканьді алам деп,
Дон суын ішіп қанам деп,
әкенің алтын тағынан
екі сұңқар ұшқан екен;
залым жаудың қылышы
екеуінің де қанатын
қыл түбінен қиған екен;
қиып та аяқ-қолына
темір кісен салған екен». - 103. Жөн еді осы жорамал:
үшінші күні ұрыстың
қараңғылық молайып,
қос жарық күн қарайып,
қос күрең алау сөнді анық;
туған айдың қиығы –
Олег пенен Святослав
олар да бірге өлді анық; - 104. Қиялы өзен бойында
түнек басып дүниені,
ақ перделі шатырың
теңізге құлап батты анық; - 105. күн астында көп дүшпан
көріп соны мәз болып,
шапқылап Орыс жерінде,
іздегенін тапты анық. - 106. Ата даңқынан не қалды?
- 107. шеңгелінде диюдың
азап пен қорлық бел алды; - 108. көк теңіздің шетінде
сапырып орыс алтынын,
сұлулар мәз боп ән салды; - 109. о жылдар босқан елді айтып,
Шарухан өлген кезді айтып,
оның да кегін еске алды. - 110. Біз болсақ енді, ағайын,
кешегі шаттық кезіміз
келмеске енді жоғалды! - 111. Сонда ұлы Святослав
жасқа бұлап екі көзін,
айтты бүйдеп алтын сөзін: - 112. «Игорь менен Всеволодым,
қайран ғана ұлдарым-ай!
Бекерге атақ қуғаның-ай,
асығып-ақ половцыға
ақ семсерің ұрғаның-ай,
елін ойран қылғаның-ай,
опасыздық еткенің-ай,
нахақ қанын төккенің-ай! - 113. Қайтпас қайсар жүректерің
хас болаттан жаралғанда,
қасарыста шыңдалғанда, - 114. аппақ күміс шашыма енді
көрсетпегің осы ма еді? - 115. Бай да еді, күшті-ақ еді,
ауыр ғаскер ұстар еді,
Ярослав інім қайда
кешегі сол күні қайда,–
Черниговтың боярлары,
гаскербасы нояндары,
татыран, топшақ,
шылбырлары,
алыперлер мен
ербұғылары
қалқансыз да егескенде
қоныштағы пышақпен-ақ
қарсы жауды қан қылатын;
қарт аталар аруағы
қайта сонда жаңғыратын. - 116. Бүлдірдіңдер сендер келіп:
«Өзіміз-ақ ерлейміз деп,–
жау қайтарған ата даңқын
жақынға да бермейміз»,– деп. - 117. Ғажап па екен, ағайын,
қарияң қайта жасарса? - 118. Сан түлеген сұңқарың
самғап барып құс алса,
өз ұясын өмірде
бермек емес жәбірге. - 119. Қайтерсің,
қырсық шалғанда,
князьдар ермей сөзіме, - 120. замананың тап болдық
өңі айналған кезіне. - 121. Половцьшың қылышы
Римовті ойрандап,
зар жылады адамы,
Владимир жаралы. - 122. Глеб ұлының басына
күндер туды қаралы. - 123. Ұлы князь Всеволод!
Жүрсең де қиыр шалғайда,
әкеңнің алтын тақытын
ойлар бір кезең болмай ма? - 124. Ескегіңмен Еділді
тартам десең қолыңда,
дулығаңмен Дон суын
сарқам десең қолыңда. - 125. Глебтің сайқы ұлдарын
жауға ұшқыр жебеше
атам десең қолыңда. - 126. Құлдың құны бір тиын,
күңнің құны көк тиын
болар еді-ау,
келсең егер сен мұнда. - 127. Асау Рюрик, ер Давыд!
Алтын дулыға киіскен,
айғайлап жауға тиіскен
аламаның айқаста
қалмап па еді қан қауып? - 128. Жан баспаған далада
жалаң қылыш жүзінен
жараланған бұғыша
мөңкімеуші ме еді сол сенің
ержүрек өңкей нөкерің? - 129. Жәбірің үшін бүгінгі,
Орыстың елі,
жері үшін,
Святославтың ер ұлы
Игорьдің кеткен кегі үшін
аяқ сал алтын үзенгіге,
аттаныңдар,
мырзалар! - 130. Айбынды Галич князі
Сегіз қырлы Ярослав!
Алтыннан соққан тағыңда
асқақтап кеудең жоғары
отырысың жарасты-ақ.
Мұздай темір құрсанған
мың-мың ғаскер қолыңмен
Мадьяр тауын тіредің,
корольдің жолын бөгедің,
Дунайдың жаптың қақпасын;
Жер қайысқан қолыңды
бұлттардан әрі асырып,
Дунайдан бергі араға
әмірің жүрді ақырып. - 131. Святославтың ер ұлы
Қа?арың төгіп ел-елге,
Киевтің аштың қақпасын;
әкеңнің алтын тағынан
алыс-алыс елдердің
сұлтандарын атқансың. - 132. Орыстың елі,
жері үшін,
Игорьдің кеткен кегі үшін
ат ендеше Қоншақты –
кесікқұлақ құлыңды! - 133. Сен ше, асау Роман
және де інің Мстислав!
Басықа батыл ой келсе,
батыра соқпай қалмаушы ең; - 134. қалықтап желдің өтінде,
қыранша биік самғаушы ең. - 135. Дулыға киген латыннан,
мұздай темір артынған
ерлерің бар майталман.
Жүрісінен жер солқылдап,
Хинова мен Литва,
Ятвяга мен Деремел,
Половцыдай ел-елдер
найзаларын лақтырып,
болат семсер астына
бастарын иген еңіреп. - 136. Бәрібір енді,
Игорь-князь,
Сөнді күннің жарығы.
жақсылық емес ағаш та
жапырақсыз қалуы: - 137. Сула менен Росьта
қалалар тай-талапай,
бәрін де жау алулы.
Игорьдің батыр ғаскері
тірілмес қайта, жоқ енді! - 138. Шақырады Дон бізді,
баралық та жеңелік,
деп едің, князь,–
не болды? - 139. Олегтен өрген өңшең ер
ұрысқа жетіп үлгерді,
үлгергенде не көрді?! - 140. Ингварь менен Всеволод –
Мстиславтың үш ұлы,
ұшпап ең жаман ұядан!
Жау түсіріп қиядан,
жеңіспен таппай сонда да,
батып ең тегін олжаға. - 141. Алтындаған дулыға,
поляктің найза, қалқаны
қанданбай қайда қалғаны? - 142. Орыстың елі, жері үшін,
Святославтың ер ұлы
Игорьдің кеткен кегі үшін
даладан келер тажалға
жабыңдар берік қақпаны! - 143. Переяславқа ақпайды енді
Суланың күміс суы құтты,
Полоцкінің ер халқына
қорған болған Двина да
жаудың салған ойранынан
саз-батпаң боп, құрып бітті. - 144. Изьяслав тек Василько ұлы
литвандардың дулығасын
семсерімен сартылдатқан;
арғы атасы Всеславтың
бекер сөйтіп даңқын құртқан;
литвандардың найзасынан
қаны шапшып көк майсаға,
қызыл қалқан тасасында
өзі де өлген жап-жасында. - 145. «Нөкеріңді, князь, сенің
жалп-жалп қонып,
құстар қамап,
кетті қанын аңдар жалап», - 146. дескен сонда жұрт табалап.
- 147. Брячислав ағасы жоқ,
тағы да бір Всеволодың –
оның да еш панасы жоқ.
Жағаласта жалғыз қалып,
өр кеудесі сұлқ түсті;
алтын сауыт шілтерінен
әзіз жаны бір-бір ұшты. - 148. Құмықты жұрттың дауысы,
тарқады сауығы,
кернейлер қалада
аңрады далаға! - 149. Ярославтың немересі,
Всеславтың ұрпақтары!
Құламастай енді жөн жоқ
қолындағы туларыңа,
семсеріңді сан мұқалған
сал қайтадан қынабына. - 150. Бәле жауып бір-біріңе,
елді жауға алдырдыңдар, - 151. Всеславтың мүкаммалына
қан шеңгелін салдырдыңдар. - 152. Алалықтан арадағы
половцыға жем болдыңдар!
Тмуторокань ша?ары бар,
жетінші соның ғасырында - 153. жеребе салды Всеслав-князь
бір сұлу қыз ғашығына. - 154. Айламенен атқа қонып,
шапты Киев ша?арына;
жалауының сабыменен
алтын таққа жанады да. - 155. Одан тағы
Белгородтан
бір-ақ қарғып түн ішінде,
көк түнекте жөнегенде, - 156. мол бақытқа кенелген де.
Үш соққанда бұзып ашып
Новгородтың қақпаларын,
Ярославтың атағына
кір келтірген ол тағы да; - 157. Дудукиден Немигаға
көк бөріше жортады да. - 158. Немиганың жағасында
адамның басын бау-бау қылып,
бастырып болат соққыменен,
қанды қырман айналдырып,
кеуделерден жанды бөлек
желге ұшырды желпіп-елеп. - 159. Немига – қанды жағалау
қайырсыз салды егінді –
қыруар орыс ұлының
сүйегіменен себілді. - 160. Всеслав-князь қазылық қып,
ақ-қараны саралады,
белді-белді князьдарға
билеттірді қалаларды.
Өзі сонда түн баласы
шығар күннің алдын орап,
көк бөріше жортатұғын:
Киевтен тура Тмуторокань
қамалына тартатұғын. - 161. Полоцкіде таң алдында
Софья-әулие алаңында
қоңырау соқса ұлуғылап,
еститін ол оның даусын
Киевтің тас қамалында. - 162. Батыр-балуан бір басында
сиқыры нелер болса дағы
сәтсіздіктен көп сорлады. - 163. Сәуегей Баян о басында –
ол да біліп айтпасын ба: - 164. «Болсаң дағы қанша айлакер,
қанша епті, қанша шебер,
құдырет тұтар қоразды да
құдай тартар таразыға»,–
депті-ау оған. - 165. Сарнар-ақ елі орыстың,
сағынып бағы заманды,
князьдарды әуелкі,
әулие нелер бабаңды! - 166. Владимир-қария
байласаң тұрмай Киевте,
алыс та алыс барған-ды,
жауына ойран салған-ды. - 167. Бүл күнде мынау Рюрик пен
Давыдтар тағы қомданды,
жалауларын қолға алды;
бірікпей бірақ бастары,
тулары бөлек шалқиды, - 168. найзалар сарт-сарт соғылып,
сарыны көкте қалқиды! - 169. Дунайға жете таң алдында
Ярославна дауыс салды.
дауыс салды көзден ғайып
көкектейін алыстағы: - 170. «Дунайды бойлап ұшсамшы,
- 171. желбірек жібек жеңімді
Қиялы-суға малсамшы, - 172. қансырап жатқан князьдің
жарасын өзім жусамшы». - 173. Ярославна дауыс салып
Путивльдің қамалында,
зарланады таң алдында: - 174. «О, самал жел,
самал жел!
Құдыреті күшті
самал жел!
Қарсыдан неге соқтың сен? - 175. Жан-жарымның соңында
жауға аттанған қолына
жаудың атқан жебесін
желқанатың жебелеп,
жапыра неге төктің сен? - 176. Аз ба еді саған аспанда
бұлт астында желдетсең,
көк теңіздің өрінде
кемелерді тербетсең? - 177. Ақселеулі жапанға
шаттығымды кешегі
шашқылап кеттің неге сен?» - 178. Ярославна дауыс салып
Путивльдің қамалында,
зарланады таң алдында: - 179. «О, Словутич Днепр!
Половцының жерінен
тау-тасты бұзып өтіп ең, - 180. Көбектің аулын бетке алған
Святославтың кемесін
төсіңде тербеп жетіп ең. - 181. Менің де жан-жарымды
әкелші, тәңірім, тербетіп,
телмірмейін теңізге
көзімнің жасын селдетіп». - 182. Ярославна дауыс салып
Путивльдің қамалында,
зарланады таң алдында: - 183. «О, жарық күн, жарық күн!
Баршага бірдей жайлысың,
баршаға бірдей жарықсың: - 184. аяулымның соңында
жауға аттанған қолына,
тәңірім, сонша неге сен
ыстық лебің төгесің?
Неге сусыз далада
шөлге бәрін қаматтың,
қайғы менен қападан
қорамсағын қапсырып,
садақтарын қураттың?» - 185. Түн ортасы мезгілде
тосыннан теңіз шошынды,
құйындап бұлттар жосыды.
Князь Игорьге осы сәт
жол сілтеді тәңірі
Половцының жерінен
қайтадан Орыс жағына,
әкенің алтын тағына. - 186. Сөнген шағы кешкілік қызыл арай.
Игорь жатыр
ұйықтап та, ұйықтай алмай.
ұлы Доннан
Кішкене Донец қанша?–
Өлшейді екі арасын оймен талмай. - 187. Түн ортасы,
өзеннің ар жағында
Алпар атқа ысқырып қалғанында,
ол князьге бір белгі бергені еді:
Игорьге енді кеткенің жөн дегені. - 188. Дүрсілдеді қара жер,
шөптер шулап илікті,
половцылар дүрлікті. - 189. Князь Игорь сол шақта
ақ тышқанша құраққа,
шабырша суға сүңгіді. - 190. Алдына тартқан арғымақ
атынан жерге қайтадан
көк бөріше қарғыды. - 191. Одан да тағы жөнеді,
Донецтің бетке ап иінін,
сүңқар боп бұлттың астында
зымырап,
қаз бен қуды алды;
таңда да,
түсте,
кеште де
талшық етті соларды. - 192. Сұңқар боп Игорь ұшқанда,
Алпар жортты бөрі боп;
мұздай шықты жол қылып,
аттары қалған болдырып. - 193. Донец сонда тіл қатты:
- 194. «О, князь Игорь!
Сенің даңқың асар-ақ,
Қоншақты қарғыс атар-ақ,
Қайтадан Орыс жеріне
шапағат нұры жауар-ақ». - 195. Игорь сонда бүйдеді:
- 196. «О, Донец!
Сенің де даңқың асар-ақ:
князіңді әлдилеп,
толқыныңда тербелттің,
күмістей көркем жағаңда
көк шалғында көлбеттің;
жасыл терек түбінде
жылытты қымтап тұманың; - 197. сүңгуірің ағыста,
шабырың көлде күзетті,
шағалаң желде күзетті. - 198. Сендей емес Стугна:
жартусыз ғана бір ағын,
жұтқылап жолай жат жердің
тасқыны менен бұлағын,
жайыла келіп сағасы,
жалмаған еді бір кезде
жас князь Ростиславты –
Всеволодтың баласы.
Днепрдің қабағы,
қарауытқан жағасы – - 199. еске алып
есіл боздағын,
еңірейді анасы. - 200. Жаны ашып
гүлдер күлдіреп,
қасіреттен қайысып,
құлады жерге ағашы. - 201. Сауысқан емес шықылдақ –
қандары қайнап ызамен,
князь Игорьдің ізімен
жөнеді Қоншақ,
Қыжақпен. - 202. Қарқылға баспай қарғалар,
көңқарға бермей бір хабар,
сауысқан қойып шықылын, - 203. сұржылан ғана иреңдеп,
сусыды жерде ақырын.
Тоқылдақтар тоқылдап,
өзеннің жолын барлады,
бұлбұлдар
сайрап масайрап,
таң атқанын жарлады. - 204. Қыжақ айтты Қоншаққа:
- 205. «Ұясына сұңқар жөнесе,
атайық алтын жебемен». - 206. Бұл сөзіне Қыжақтың
Қоншақ сонда бүйдеген: - 207. «Ұшса сұңқар ұясына,
ол сұңқардың баласын
матайық ару қызбенен». - 208. Бұл сөзіне Қоншақтың
Тағы да Қыжақ бүйдеген: - 209. «Ақ сұңқардың баласын
матасақ ару қызбенен,
бала да жоқ,
қыз да жоқ,–
өзің туған еліңде,
Половцының жерінде
сол құстардан түбінде
таяң жерің білдің бе!» - 210. Бұл хан айтты және де:
«Святославтың қатыны,
Олег ханның да қатыны
қыпшақтың еді қыздары,
не болды соның ақыры?» - 211. Денесіз бастың күні жоқ,
басың да солай – денесіз.
Қайран Орыс жері де
қаран қап еді Игорьсіз. - 212. Алтын күн көкте шалқыды,–
Оралды Игорь еліне,
қайтадан Орыс жеріне. - 213. Әндетті қыздар Дунайда,–
Киевтің жетті дөңіне. - 214. Боричевтің өрімен
келеді Игорь Киевте
Пирогощей-ананың
шіркеуіне биікте. - 215. Қарт князьдарды жырладық,
жастарды мәнсұқ қылмадық: - 216. Святославич Игорьдің,
Ержүрек Всеволодтың,
князь Игорьдің баласы
Владимирдей ер ұлдың
мәңгіде даңқы өрлесін! - 217. Аман болыңдар, князьдар, нөкерің мен
христиан үшін майданға көтерілген
Князьдардың даңқы ассын! - 218. Нөкерлер даңқы жалғассын!
Әумин!
Ссылка
Если вы используете корпус в научной работе, пожалуйста, сошлитесь на эту публикацию:
Орехов Б. В. Параллельный корпус переводов «Слова о полку Игореве»: итоги и перспективы // Национальный корпус русского языка: 2006—2008. Новые результаты и перспективы. — СПб.: Нестор-История, 2009. — С. 462—473.