Казахский перевод Н. К. Оразбаева
Источник: Игорь жасары туралы жыр. Алматы, 1997.
- 1. Бауырларым, Игорьдің, Игорь Святославичтің жорығы туралы қайғылы әңгімесін ескі сөзбен бастайтындай кезең келді емес пе?
- 2. Осы жыр Боянның қиялынан емес, біздің заманның аңызынан басталсын делік!
- 3. Көреген Боян, біреуге жыр шырқағысы келсе, онда ойымен ағашты бойлап, жерде сұр қасқыр, бұлт астында көк сұңқар болып шүйілетін.
- 4. Ол өткен заманның алауыздығын жадына түйген деседі.
- 5. Ол кезде бір топ аққуға он сұңқарды жіберген жоқ, алайда өзінің көреген саусақтарын жанды ішекке тигізген, ал енді олардың өздері князьдардың даңқын дүрілдеткен.
- 6. Бауырларым, осы жырды қарт Владимирден бастап қазіргі Игорьге дейін әкелейік, ол ақылын өзінің жігерімен бекітті және жүрегін ерлікпен ұштап,
- 7. жауынгерлік рухқа бөленіп, өзінің батыл жасақтарын Орыс жерінің қамы үшін Қыпшақ жеріне әкелді.
- 8. Сонда Игорь жарық күнге қарады және ол оның жауынгерлерін қараңғылықпен бүркемелегенін көрді.
- 9. Игорь өзінің сарбаздарына айтты:
- 10. «Бауырларым мен сарбаздарым! Тұтқынға түскенше, өлген жақсы;
- 11. сондықтан, бауырлар, жүйрік сәйгүліктерге отырайық, көгілдір Донды көрейік».
- 12. Князьдің ақылын құштарлық басты және ұлы Донның дәмін тату зауқы оған жаман ырым боларын көлегейледі.
- 13. «Сендермен, орыстар, Қыпшақ даласының шетінде найзамды сындырғым, не өзімнің басымды қалдырғым, не дулығаммен Донның суын ішкім келеді», – деді.
- 14. О, Боян, ескі заманның бұлбұлы! Сен, бұлбұл, ой терегін бойлап, ақылыңмен бұлт астында ұшып, осы заманның екі бөлігінің де даңқын құндақтап, далалар мен тауларға Троян жолымен жортып, осы жорықтарды шырқасаң.
- 15. Сонда оның немересі Игорьге жыр былай айтылар еді:
- 16. «Сұңқарларды кең далаға боран емес әкелген – ұзақтар шоғыры ұлы Донға зымыраған».
- 17. Әлде сен, Велестің немересі, көреген Боян, былай жырлар ма едің:
- 18. «Суланың ар жағында аттар кісінейді – Киевте даңқ дүрілдейді. Новгородта кернейлер күмбірлейді, Путивлде жалаулар көтерілді» деп. Игорь сүйікті Бауыры Всеволодты күтіп тұр
- 19. және оған Буй Тур Всеволод былай деді:
- 20. «Жалғыз ағам, жалғыз жарқын жарығым – Игорь, сенсің! Біз екеуіміз де Святославтың ұлдарымыз!
- 21. Ер-тоқым сал, аға, өзіңнің жүйрік аттарыңа,
- 22. ал менікі дайын, Курскінің түбінде ерттеліп тұр.
- 23. Ал менің куряндарым тәжірибелі жауынгерлер: керней астында шыңдалған, дулыға астында мәпеленген, найза ұшымен азықтанған,
- 24. оларға жолдар белгілі, оларға жыралар таныс, олардың садақтары тартулы, қорамсақтары ашулы, қылыштары қайраулы:
- 25. өздері даладағы сұр қасқыр секілді, өздеріне абырой, ал князьға даңқ іздеп шабады».
- 26. Сонда князь Игорь алтын үзеңгіге аяғын салды да, еркін далаға бет алды.
- 27. Күн оның жолын қараңғылығымен бөгеді,
- 28. түн күркірі құстарды оятты, аңдардың дыбыс-дыбысы күшейді,
- 29. Див селк етті, ағаштың ұшар басынан дауыстады, белгісіз жерге, Волгаға, Поморға, Посулға, Сурожға, Корсунге және Тмуторокан тұлғасы сен де тыңда деп бұйырды.
- 30. Ал қыпшақтар сүрлеусіз жолдармен Ұлы Донға қарай жөнелді. Түн ортасында үріккен аққуларға ұқсап, арбалар шиқылдайды. Ал Игорь Донға жасағын әкеле жатыр.
- 31. Енді оның қасіретін емен ормандарындағы құстар да күтуде, жыра ішіндегі қасқырлар да жамандықты білдіруде, қырандар шықылықтауымен аңдарды сүйекке шақыруда, алтынмен апталған қалқандарға түлкілер арсылдауда.
- 32. О, Орыс жері! Сен енді шоқының ар жағында қалдың!
- 33. Түннің жарқылы ұзақ сенеді.
- 34. Таң шапағы нұрын төкті, тұман даланы жапты,
- 35. бұлбұл үні толастады, ұзақтардың үні естілді.
- 36. Орыстар еркін даланы өздеріне намыс, ал князьдарға даңқ іздеп, алтынмен апталған қалқандарымен бүркеді.
- 37. Жұма күні таң сәріде олар қыпшақтардың жасақтарын талқандап тастады. Кең далаға жебелерін жаудырып, қыпшақтардың қырмызы қыздарын, олармен бірге алтын мен жібектерін және қымбат оксамиттерін алып қашты.
- 38. Саз батпақ жерлерге жапқыштар мен жамылғыштарды және кожухтарды, қыпшақтардың қымбат әшекейленген киімдерін өткел ғып төседі.
- 39. Алтын жалау, ақ хоругвь, алтын бунчук, күміс таяқ – ержүрек Святославичке!
- 40. Олегтің батыл ұясы (ұрпағы) далада көз іліндіріп жатыр. Алысқа ұзап шықты!
- 41. Не сұңқарға, не қаршығаға, не саған, қара құзғын, отқа табынған қыпшақ, ол жәбірленуге туған жоқ!
- 42. Гзак сұр қасқыр болып жортып келеді, Ұлы Донға апаратын ізді оған Кончак көрсетіп тұр.
- 43. Екінші күні таң сәріде қанды шапақ жарықты білдіреді,
- 44. теңіз жақтан қара бұлт төніп, төрт күнді жапқысы келеді, ал олардың арасынан көк найзағай жарқылдайды.
- 45. Күннің ұлы күркірі болады, Ұлы Доннан оқ болып жауын жауады!
- 46. Осы арада найза қақ бөлінеді, осы жерде Ұлы Донның жанындағы Қаялы өзенінде қыпшақтардың дулығаларына семсерлер сынады.
- 47. О, Орыс жері! Сен енді шоқының ар жағында қалдың!
- 48. Міне, Игорьдің ержүрек жасақтарына теңізден Стрибогтың немерелері, желдер, садақтың оғымен желпіп тұр.
- 49. Жер гүрілдеді, өзендер лайланып ақты. Даланы шаң басты,
- 50. жалауларға тіл бітті: қыпшақтар Доннан, теңізден келе жатыр
- 51. және орыс жасақтарын жан-жақтан қоршап алды.
- 52. Ібілістің балалары даланы айғаймен, ал ержүрек орыстар алтынмен апталған қалқандарымен бөгеді.
- 53. Яр Тур Всеволод! Сен соғыстың маңдай алдындасың, жауынгерлерге садақтың оғын бүркесің, болат қылыштарыңмен дулығаларды күркіретесің.
- 54. Тур, алтын дулығаң жарқылдап, қайда шапсаң да – сол жерде қыпшақтардың бастары жатады.
- 55. Яр Тур Всеволод! Сенің суарылған семсерлеріңмен аварлықтардың дулығалары қақ айрылған.
- 56. Қымбатты бауырлар, намысы мен байлығын, Чернигов қаласындағы әкесінің алтын тағын және өзінің сүйкімді әйелін, әсем Глеб қызын, әдет пен дәстүрін ұмытқан оған жарақат сөз бе!
- 57. Троянның ғасырлары болған, Ярославтың жылдары өткен, Олегтің де, Олег Святославичтің соғыстары болған.
- 58. Қылышымен өшпенділік өршіткен және садақтың оғын жерге жаудырған сол Олег емес пе.
- 59. Тмуторокан қаласында алтын үзеңгісінде тұрды,
- 60. ал сол сыңғырды баяғыдағы ұлы Ярослав естіген,
- 61. ал Всеволодтың ұлы Владимир Черниговте күнде таңертең құлағын бітеген.
- 62. Ал мақтаншақтық Борис Вячеславичке ажал оғын құштырды және батыл әрі жас князь Олегтің реніші үшін Канинде жасыл кебін кигізді.
- 63. Осы сияқты Қаялыдан Святополк та өзінің әкесін Венгр жорғаларымен Киевке, қасиетті Софияға мәпелеп жеткізді.
- 64. Сонда Олег Гориславичтің кезінде өзара араздық өніп және өсіп шыга бастаған, Дажь-Божьи10 немересінің дүние-мүлкі құрыған, князьдардың бүлігінен адамдар өмірі қысқарған.
- 65. Сонда орыс жерінде диқандардың даусы сирек естілді, өзара өлік бөліскен құзғын жиі-жиі қарқылдады, ал ұзақтар өзінше тіл қатысты. Жеңіл табысқа ұшып барғысы келді!
- 66. Ол сол кездегі ұрыстарда және сол бір жорықтарда болған, ал мынадай соғысты естімеген! Таңертеңнен кешке денін, кештен таң сәріге дейін қызулы жебелер ұшты, семсерлер дулығаларға тиіп жаңғырды,
- 67. беймәлім далада, Қыпшақ жерінің ортасында болат найзалар сартылдады. Ат тұяғының астындағы қара жерге сүйек себілді, қан төгілді, олар орыс жерінде қасірет болып көктеді!
- 68. Таң сәріде алыстан не айғай, не шу естілді?
- 69. Игорь жасақтарын бұрып жатыр: ол сүйкімді бауыры Всеволодты аяды.
- 70. Бір күн соғысты, келесі күні соғысты, үшінші күні түске қарай Игорьдің жалауы құлады.
- 71. Осы арада ағынды Қаялының жағасында ағайындылар ажырасты;
- 72. осы арада қанды шарап жетіспеді;
- 73. осы жерде ержүрек орыстар тойды аяқтады: құдаларына ішкізді, ал өздері орыс жері үшін жан тәсілім етті.
- 74. Қимастықтан шөптер де мұңайысты, ал қайғырған терек жерге басын иді.
- 75. Енді, міне, бауырластар, көңілсіз уақыт басталды, енді жасақтарды құм басып қалды.
- 76. Дажь-Божьи немерелерінің жасақтарында реніш пайда болды, ол қыз болып Троян жеріне аяқ басты, аққұлардың қанаттарымен Донның жанындағы көк теңізді шалпылдатты, шалпылдатып молшылық уақытты еске салды.
- 77. Князьдардың қыпшақтармен күресі аяқталды. Өйткені бауыры бауырына: «Мынау менікі және анау да менікі», – деді. Сонда князьдар кішкенені «зор» көріп сөз айта бастады және өздеріне өздері өшпенділік оятты,
- 78. ал қыпшақтар жан-жақтан орыс жеріне жеңіспен келіп жатты.
- 79. О, сұңқар, құс қағып түсіріп, алысқа ұшып келдің – теңізге!
- 80. Ал Игорьдің ержүрек жасақтарын тірілте алмайсың!
- 81. Ол туралы Карна шақырды және Желя мүйізіндегі лаулаған отты адамдарға үлестіріп, Орыс жерінен желіп өтті.
- 82. Орыс әйелдері еңіреді былай деп:
- 83. «Енді біз өзіміздің нақсүйерімізді не ойға келтіре алмаймыз, не оймен ойлап таба алмаймыз, не көзімізбен көрмейміз, ал алтын мен күмісті және одан да зорын қолымызға да ұстай алмаймыз!»
- 84. және бауырластар, Киев қасіреттен, Чернигов тауқыметтен ыңыранды.
- 85. Орыс жерін мұң басты, Орыс жеріне орасан уайым, қайғы тарады.
- 86. Князьдар өздеріне өздері өшпенділік ұрығын септі,
- 87. ал қыпшақтар өздері орыс жеріне жеңіспен жортып келіп, әр ауладан салыққа бір тиін алды.
- 88. Сол секілді осы екі батыл Святославичтар да, Игорь және Всеволод, осының алдында ғана олардың әкесі, Киевтің айбынды да даңқты Святославы
- 89. өзінің қа?арымен, өзінің күшті жасақтарымен және болат қылыштарымен басқандай болған өшпенділікті енді қайта өршітті. Қыпшақ жеріне келді, шоқыларын және сайларын таптады, өзендерін және көлдерін лайлады, ағындарын және шалшықтарын құрғатты.
Ал қыпшақтардың темір құрсаулы ұлы жасақтарынан шыққан теңіздің қолтығындағы жаман Кобякты құйын айдап кеткендей қуып шықты және Кобяк Киев қаласында Святославтың жиын сарайында өлді. - 90. Осы арада немістер және венециандықтар, осы арада гректер және моравтар Святославтың даңқын шырқайды, қыпшақтардың өзенінде, Қаялының түбінде орыстың байлығын батырғаны, алтынын төккені үшін князь Игорьді сөкті.
- 91. Осы арада князь Игорь алтын ер-тоқымнан құлдың ер-тоқымыны ауысып мінді.
- 92. Қалалардың қорғандарын мұң басты және думан басылды.
- 93. Святослав Киевте, тауда күңгірт түс көрді.
- 94. «Осы түні кештен бастап маған ағаш төсекте ақыреттік қара киім кигізді,
- 95. ал қайғы-мұң араласқан көк шарапты маған көсіп берді,
- 96. отқа табынған одақтастардың бос қалған қорамсақтарынан маған ірі маржан септі
- 97. және мені еркелетті. Енді алтын күмбезді үйімнің тақтайларының арқауы жоқ.
- 98. Кештен бастап түні бойы Плесеньск жанындағы жайылымда
- 99. сұр қарғалар қарқылдады, Қисаней орманында болды да зымырап көк теңізге кетті».
- 100. Сонда боярлар князьға былай деді:
- 101. «Енді, князь, ақылды қасірет тұтқындады.
- 102. Міне, әкесінің алтын тағынан екі сұңқар ұшып шықты, Тмуторокан қаласын аламыз, не болмаса дулығамен Донның суын ішеміз деп. Енді далалықтардың семсерімен сұңқарлардың қанатын қырықты ал өздерін темір тормен шандыды.
- 103. Үшінші күні барып қараңғы түсті емес пе: екі Күн өшті, қызыл қанды қос саңлақ сөнді де теңізге батты және олармен бірге екі жаңа туған ай, – Олег пен Святослав та қара түн жамылды.
- 104. Қаялы өзенінде жарықты қараңғылық басты:
- 105. қыпшақтар бір топ жолбарыстар секілді орыстардың жеріне тарап кетті және шығыс халықтарында зор шаттық сезімін оятты.
- 106. Енді мақтаныш сезіміне нұқсан келді;
- 107. енді бостандықты зорлық басты;
- 108. енді Див жерге түсті.
- 109. Міне, енді готтардың қырмызы қыздары көк теңіздің жағасында орыс алтындарын сыңғырлатып, Брус заманын дәріптеп әндетті, Шарукан үшін өшін алмақшы болып, қиялданды.
- 110. Ал біз енді, сарбаздар, көңілсізбіз».
- 111. Сонда ұлы Святослав көз жасымен араластырып алтындай сөзін айтты:
- 112. «О, менің немерелерім, Игорь және Всеволод! Қыпшақ жеріне сендер қылыштарыңмен ерте жәбір жасадыңдар, ал өздерің даңқ іздедіңдер. Сендер жеңемін деп абыройсыз қалдыңдар, қыпшақтардың қанын төгіп, абырой да алмадыңдар.
- 113. Сендердің батыл жүректерің мықты болаттан соғылған және ерлікте шыныққан.
- 114. Не істедіңдер, сендер, менің күміс шашыма!
- 115. Ал менің бауырым Ярославтың Черниговтың боярлары мен могут, татран, шелбир, топчак, ревуг және ольберлермен бірге күшті де бай саналатын жауынгерлерінің зор билігін енді көрмеймін. Олар болса, қалқансыз, етігінің қонышындағы пышақтарымен, айқайлаған дауыстарымен-ақ бабаларының даңқын ұрандап жасақтарды жеңе алатын-ды.
- 116. Бірақ сендер айттыңдар: «Өзіміз нарлық көрсетейік: ежелгі даңқты өзімізге иемденейік, ал келешектегіні өзіміз бөлісейік», – деп.
- 117. Ал, бауырларым, қарияның жасаруы ғажап па екен?
- 118. Егер сұңқар түлеген болса, онда құстарды киіктен іледі, өзінің ұясын жәбірлеуге бермейді.
- 119. Бірақ кесапат мынада – маған князьдар көмекші емес:
- 120. қиын заман басқа түсті.
- 121. Міне, Римовтың жанында қыпшақ семсерлерінің астында жұрт даурығып жатыр, ал Владимирде жараланғандар ыңыранып жатыр,
- 122. қасірет пен уайым – Глебтің ұлына!»
- 123. Ұлы князь Всеволод! Әкеңнің алтын тағын қоруға алыстан ұшып келем деп ойламайсың ба?
- 124. Сен Волганы ескегіңмен көсіп шашасың, ал Донды дулығаңмен көсіп төгесің.
- 125. Егер сен осы арада болсаң, онда күң бір ногатадан, ал құл бір резаннан тұрар еді…
- 126. Сен құрғақта өжет Глебтің ұлдарындай өткір найзаларыңмен түйрей аласың ғой.
- 127. Сен, шақар Рюрик және Давыд! Алтындалған дулығаларымен қан ішінде қалқыған сендердің жауынгерлерің емес пе?
- 128. Сендердің батыл сарбаздарың емес пе, белгісіз далада суарылған қылыштармен жараланып, бұқа секілді өңкілдеген?
- 129. Ал мырзалар, біздің заманымыздың жәбірі үшін, орыс жері үшін, шақар Игорь Святославичтің жаралары үшін, енді алтын үзеңгіге аяқ салыңдар!
- 130. Галицкінің Осмомысль Ярославы! Корольдің жолын бөгеп, Дунайдың қақпасын жауып, ауыртпашылықтарды бұлттан әрі асырып, Дунай бойы сотыңды құрып, өзіңнің темірдей жасақтарыңмен Венгр тауын тіреп, алтыннан соғылған үлкен тағыңда биік отырсың.
- 131. Сенің қа?арың жер бетіне жайылды, Киевтің қақпасын ашасың, алыс елдердегі сұлтандарды әкеңнің алтын тағында отырып атасың.
- 132. Орыс жері үшін, шақар Игорь Святославичтің жаралары үшін жаман құл Кончакті, атсаңшы енді, мырза!
- 133. Ал, сен, шақар Роман мен Мстислав! Батыл ой сендердің ақылдарыңды ерлікке қызықтырады.
- 134. Жігерлікпен құс алған сұңқардай желмен қалқып, батылданып, ерлікке биік самғайсың.
- 135. Латын дулығаларының астындағы темір бауларың сендердің жауынгерлеріңдікі емес пе? Олардан жер тітіркенген және Хинова, Литва, Ятвяги, Деремела сияқты көптеген елдер және қыпшақтар найзаларын сындырған және сол болат қылыштарға өздерінің бастарын иген.
- 136. Бірақ енді, күннің нұры князь Игорь үшін сөнді, ал терек жаман ырым белгісіндей жапырағын түсірді:
- 137. Роси және Сула бойындағы қалаларды бөлісті. Ал Игорьдің ержүрек жасағын тірілте алмайсың!
- 138. Князь саған, Дон үн қатады және князьдарды жеңіске шақырады.
- 139. Батыл князьдар, Ольговичтер, енді ұрысқа үлгерді…
- 140. Ингвар мен Всеволод және Мстиславичтердің үшеуі де жаман ұяның сұңқарлары емес! Өздеріне иелікті жеңіс жолымен тауып алған жоқ!
- 141. Сендердің алтын дулығаларың мен поляк найзаларың және қалқандарың қайда енді?
- 142. Орыс жері үшін, шақар Игорь Святославичтің жаралары үшін өздеріңнің өткір жебелеріңмен бөгеңдер даланың қақпасын!
- 143. Енді Сула Переяслав қаласына қарай күміс сарқырамаларымен ақпайды және Двина отқа табынғандардың айғайының астында сол айбынды қыпшақтар үшін лай-батпақ болып ағады.
- 144. Тек Васильковтың ұлы жалғыз Изяслав өзінің өткір қылыштарымен литвандықтардың дулығасын дыңғырлатты, өзінің атасы Всеславтың даңқын күйретті, ал өзі алтындалған қалқандардың астында, қанды шөптің үстінде, өзінің жақсы көргенімен литвандықтардың қылыштарымен ұрылды,
- 145. ал анау былай деді:
- 146. «Сенің сарбаздарыңды, князь, құстар қанатымен жапты, ал қанын аңдар жалады».
- 147. Бұл жерде не бауыры Брячислав, не екіншісі – Всеволод болмады. Осылай жалғыздықта алтын алқа арқылы маржан жанын айбынды денесінен түсіріп алды.
- 148. Дауыстар мұңданды, думан басылды, қалалар кернейлетті.
- 149. Ярослав және Всеволодтың барлық немерелері! Енді өздеріңнің туларыңды түсі-ріңдер, өздеріңнің кетілген қылыштарыңды қынабына салыңдар,
- 150. өйткені сендер аталарыңның даңқынан айрылдыңдар.
- 151. Орыс жеріне, Всеславтың дүние-мүлкіне, сендер өздеріңнің алауыздықтарыңмен қыпшақтарды әкеле бастадыңдар.
- 152. Өзара араздықтың кесірінен де қыпшақ жерінен зорлық-зомбылық жетті емес пе!
Троянның жетінші ғасырында - 153. Всеслав өзіне сүйкімді қыз туралы жеребе тастады.
- 154. Аттарына сеніп, қулықпен Киев қаласына шапты және Киевтің алтын тағына таяғын тигізді.
- 155. Олардан қа?арлы аң болып, көк мұнарға оранып, түн ортасында Белгородтан шықты, үш жолғы әрекеттен кейін ымырт қараңғылығын жамылып,
- 156. сәттілікті иемденді: Новгородтың қақпасын ашты, Ярославтың даңқын күйретті,
- 157. Дудудоктан Немигаға дейін қасқыр болып зытты.
Немигада бастардан бау төсейді, болат шынжырмен бастырады, өмірден өлім қырманын жасайды, денеден жанын елейді. - 158. Немиганың қанды жағаларына жақсылық егілген жоқ, орыс ұлдарының сүйектері егілді.
- 159. Всеслав – князь адамдарға сот құрды, князьдарға қалаларды бөліп берді, ал өзі түнде қасқыр болып жортты: Киевтен әтеш шақырғанға дейін Тмутороканға жортып барды, қасқыр болып ұлы Хорстың жолын кесіп кетіп отырды.
- 160. Полоцкіде, қасиетті Софияның жанынан ол үшін азандағы дұғаға арнап қоңырау соғылса, ол сол сыңғырды Киевте еститін.
- 161. Оның алғыр денесінде көреген жаны болса да, бірақ қасіреттен жиі күйзелетін.
- 162. Оған ақылды, білгір Боян бұрыннан-ақ сөзін айтқан:
- 163. «Ептіге де, қуға да, не айлакер құсқа да құдайдың жазасынан қашып құтылуға болмайды!»
- 164. О, Орыс жеріне алғашқы замандар мен алғашқы князьдарды еске түсіріп, күйзеліс келер!
- 165. Сол қарт Владимирді Киевтің тауларына жіпсіз байламау керек еді:
- 166. ал қазір Рюриктің тулары көтерілді, ал басқалары – Давыдовтардікі, бірақ олардың тулары бөлек-бөлек желбірейді.
- 167. Найзалары әндетеді!
- 168. Ярославнаның дауысы Дунайда естіледі, белгісіз көкек болып ертемен жылап шақырады.
- 169. «Дунайдың бойымен көкек болып ұшамын,
- 170. Қаялы өзеніне жібек жеңімді маламын,
- 171. князьдің зор денесіндегі оның қанды жараларын сүртемін дейді».
- 172. Ярославна Путивлдің қорғанында ертемен жылайды дауыс қылып:
- 173. «О, жел, желекеш! Тақсыр, сен неге қарсы соғасың?
- 174. Менің сүйіктімнің жауынгерлеріне қарсы бағытталған хиновтардың оғын өзіңнің жеңіл қанатыңмен неге алып ұшасың?
- 175. Саған аз болды ма көк теңізде кемелерді тербетіп, бұлт астында ұшқаның?
- 176. Неге, тақсыр, менің шаттығымды ақ селеуге шашып тастадың?».
- 177. Путивл қаласының қорғанында Ярославна ертемен былай деп жылайды, дауыс қылып:
- 178. «О, Днепр Словутич! Сен Қыпшақ жерінің тасты тауларын жарып өттің,
- 179. Сен өзіңнің үстіндегі Святославтың қайықтарын Кобяктің қосынына дейін толқытып әкелдің.
- 180. Тақсыр, менің нақсүйерімді маған аялап жеткіз, мен теңізге ертемен кез жасымды төкпейін».
- 181. Ярославна Путивлдің қорғанында ертемен жылайды дауыс қылып:
- 182. «Жарқын және үш қайтара жарқын Күн! Сен бәріне де жылысың және әсемсің,
- 183. неге сен, тақсыр, өзіңнің аптап нұрыңды нақсүйерімнің жауынгерлеріне төктің? Сусыз далада олардың садақтарын шөлмен қайыстырдың, олардың қорамсақтарын қайғымен нығадың».
- 184. Түн ортасында теңіз құбылып бір толқыды, қатты құйын бұлт болып келе жатыр. Құдай князь Игорьге Қыпшақтардың жерінен әкесінің алтын тағына, Орыс жеріне жол көрсетіп тұр.
- 185. Кешкі арай өшті. Игорь ұйқылы-ояу: Игорь ойымен ұлы Доннан кіші Донцыға дейінгі даланы өлшейді.
- 186. Түн ортасында Овлур өзеннің арғы жағындағы атты ысқырып шақырады – князь Игорьге «ғайып бол» деп түсіндірді.
- 187. Шақырды; жер тық етті, шөп басы теңселіп, қыпшақтардың қоныстары қозғалды.
- 188. Ал князь Игорь ақ тышқан болып қамысқа және ақ үйрек болып суға сүңгіді,
- 189. сәйгүлікке мініп шапты және одан сұр қасқыр болып ырғыды.
- 190. Донцының кілт бұрылысына қарай зымырады және бұлт астында сұңқар болып ұшып, қаз бен қуды таңертеңгі, түскі және кешкі асқа ілді.
- 191. Егер Игорь сұңқар болып ұшса, онда Овлур қасқыр болып денесіне тиген шықты сілки тастап жүгірді: олар өздерінің жүйрік аттарын болдыртты.
- 192. Донец айтты:
- 193. «Князь Игорь! Саған ұлылық, ал Кончакқа сүйкімсіздік, ал Орыс жеріне шаттық аз емес».
- 194. Игорь былай деді:
- 195. «О, Донец! Князьді толқыныңда мәпелеген, оған өзіңнің күміс жағалауларыңда көк шөп төсеген, көк теректің саясында оны жылы тұманмен ораған, саған ұлылық тән!
- 196. Сен оны көкала үйрек болып суда, шағала болып ағыныңда, қара үйрек болып жел бетінде қорғадың».
- 197. Стугна өзені ондай емес, – деді: болымсыз ағынға ие болып, бөтен жылғалар мен сарқырамаларды жұтып, сағасына қарай кеңейіп, жас жігіт,
- 198. князь Ростиславтың шешесі жас жігіт князь Ростиславты жоқтап жылайды.
- 199. Жаны ашығандықтан гүлдер мұңайды және терек қасіреттен жерге иілді.
- 200. Олар сауысқандар емес саңқылдаған – Игорьдің ізін басып Гзак пен Кончак келеді.
- 201. Ол кезде құзғындар қарқылдамады, торғайлар үнсіз қалды, сауысқандар саңқылдамады,
- 202. тек жыландар ирелеңдеді. Тоқылдақ тықылымен өзенге жолды нұсқады, бұлбұлдар көңілді әнімен таңды білдірді.
- 203. Гзак Кончакқа былай деді:
- 204. «Егер сұңқар ұясына ұшса, оның балапанын садағымыздың алтын жебесімен атайық».
- 205. Кончак Гзакқа айтты:
- 206. «Егер сұңқар ұясына ұшса, онда оның балапанын сұлу қызбен матастырып тастайық».
- 207. Және де Гзак Кончакқа айтты:
- 208. «Егер оны сұлу қызбен матастырсақ, бізде не сұңқардың балапаны, не сұлу қыз болмайды және біз Қыпшақ даласында құстар шабуылына ұшыраймыз».
- 209. Көне Ярослав заманындағы Святославтың жыраулары, князь Олегтің жақсы көретіндері, Боян мен Ходына былай деді:
- 210. «Иық болмаса басқа да қиын, бассыз
дененің де қасіреті мол» – Орыс жеріне де Игорьсіз дәл солай. - 211. Аспанда күн жарқырайды – князь Игорь Орыс жерінде.
- 212. Қыздар Дунайда шырқайды – дауыстары теңізден Киевке дейін үйіріліп көтеріледі.
- 213. Игорь Боричев бойымен қасиетті Богородица Пирогощей шіркеуіне келе жатыр.
- 214. Елдер қуанышта, қалалар шаттықта.
- 215. Қарт князьдарға жырды айтып болып, соңынан жастарға жыр айту керек!
- 216. Игорь Святославичтің, Буй Тур Всеволодтың, Владимир Игоревичтің даңқы артсын!
- 217. Қыпшақтардың жасақтарына христиандар үшін қарсы шыққан князьдар мен сарбаздар есен болыңдар!
- 218. Князьдар мен жасақтың даңқы арта берсін! Әумин!
Ссылка
Если вы используете корпус в научной работе, пожалуйста, сошлитесь на эту публикацию:
Орехов Б. В. Параллельный корпус переводов «Слова о полку Игореве»: итоги и перспективы // Национальный корпус русского языка: 2006—2008. Новые результаты и перспективы. — СПб.: Нестор-История, 2009. — С. 462—473.